Іле және Қаратал өзендерінің арналарын механикалық тазалауға 649 млн. теңге бөлінген

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп «Экологиялық проблемаларды кешенді шешу жөніндегі жол картасы» әзірленіп, іске асырылуда. Аталған жобаға сәйкес, Алматы облысында ағаш отырғызу жұмыстары 147,6 га жерде жүргізіліп, 635,6 мың екпелер мен көшеттер отырғызылды. Елді мекендерді көгалдандыруға 122,4 мың түп көшет бөлінді. Бұл туралы «Jetisy Media» алаңында өткен баспасөз-мәслихатында белгілі болды.
Аймақтағы экологиялық жағдайдың жақсаруы, елдегі су қоймарының жай-күйіне де қатысты. Қазақстан Республикасы Су Кодексінің 116 бабына сәйкес Алматы облысында су объектілерін санитарлық-гигиеналық және экологиялық талаптарға сәйкес күйде ұстау, жер үсті суларының ластануын, қоқыстануы мен сарқылуын болғызбау, сондай-ақ өсімдіктер мен жануарлар дүниесiн сақтау үшiн су қорғау аймақтары мен белдеулерін орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, 2021 жылы жалпы сомасы 1,4 млн. теңгеге Қапшағай қаласының әкімшілік шекараларында Қапшағай су қоймасының су қорғау аймақтары мен белдеулерінің белгілерін белгілеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, жалпы сомасы 12,4 млн. теңгеге Жалаңашкөл, Сасықкөл көлдерінің және Шынжалы өзенінің су қорғау аймақтары мен белдеулерінің жобалық құжаттамалары әзірленді.
«Іле-Балқаш бассейнінің экологиялық жағдайын жақсарту, балықтардың қоныс аударуы мен уылдырық шашуына жағдай жақсарту мақсатында, жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің биологиялық тепе-теңдігін сақтау, флора мен фаунаны ұлғайту, Балқаш көліне құятын өзен арналарының сағаларын тазарту, кеңейту және тереңдету бойынша іс-шаралар жүргізілуде»,-дейді Алматы облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Серік Сарбасов.
Айтпақшы, 2021 жылы жалпы сомасы 649,1 млн.теңгеге Іле және Қаратал өзендерінің арналарын механикалық тазалау бойынша 5 іс-шара іске асырылуда. Механикаландырылған тазалау бойынша жалпы сомасы 40,6 млн.теңгеге 4 жұмыс жобасы әзірлену сатысында.